Қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың қатысуымен Ақтау әкімдігінде өткен тұрғын үйлерді жылумен қамту бойынша штаб отырысында қызмет көрсетуші мекемелердің (ПИК, МИБ) қызметі және олардың тұрғындармен байланыс орнату мәселесі талқыланды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.Жиынға «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері, қалалық полиция басқармасы мен прокуратура өкілдері, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен қала әкімдігінің жауапты бөлімдері қатысты.
Шаһар басшысы «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері барлығының бірлесе нәтижелі жұмыс істеуінің маңызды екенін ескертті.«Тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелер тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Телеграм арнасы және үйлердің чаттарынан келіп түскен сұрақтарына неге жауап бермейсіздер?Жауапкершілік бәрімізге ортақ! Қазір кінәліні іздейтін заман емес. Халыққа жылу бүгін керек!Тұрғындарыңызға қызмет көрсетіп, олардан қаражат алып отырғаннан кейін, тұрғындарға лайықты қызмет көрсетіңіздер! Қысқа мерзімде бәріміз, яғни «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері және тұрғын үй инспекциясы бір жұдырықтай жұмылған жөн. Егер жағдайды ушықтыратын болсаңыз, қайталап айтам - бұл қылмыстық жағдайға алып барады. Мен сіздерге қатаң түрде ескертемін! Менің ұсынысым - кімде мамандар болса, соларды күші жетпей жатқан жерлерге бригада бригадаларға бөліп жіберу керек. Халыққа дұрыс ақпарат берсеңіз сізге ешкім қарсы келмейді», - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Басқосу барысында Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев та тұрғындарға дұрыс қызмет көрсетпейтін қызмет көрсетуші мекемелердің заң алдында жауапкершілігі бар екендігін қадап айтты.
«Жалпы тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемені тұрғындардың өздері таңдайды. Тұрғын үй инспекциясының құзыреттілігі - тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелерді тұрғындардың шағымы бойынша тексеру. Биыл бөлім тарапынан 7 тексеріс болды. Соның соңғысы - «Айрақты-2» ТҮК мүлік иелері бірлестігіне тұрғындардың шағымы негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес 100 АЕК(398 000 тг) мөлшерінде айыппұл салынды», - деп мәлімдеді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев.
Свежие комментарии