Облыс әкімінің қабылдауында кэмпинг салуды ұсынған тұрғынның жобасы қолдау тапты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау барысында Сайөтес ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бақытжан Құлбаев республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойынан кэмпинг салғысы келетінін жеткізді.
Заман талабына сай жолаушыларға қызмет көрсететін кэмпинг аумағында жобаға сәйкес, көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы, қонақүй, асхана мен модульді дәретхана болуы көзделуде.
Бақытжан Құлбаев облыс әкімінен кэмпинг салу үшін қажетті жер телімін бөлуді сұрады. Нұрдәулет Қилыбай кәсіпкердің бастамасын қолдап, жауапты мамандарға жыл соңына дейін заң талаптарына сай жер орнын беруді тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімінің қабылдауына 50-ге жуық тұрғын келіп, өз мәселелері мен ұсыныстарын жеткізді. Азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздық, тұрғын үй, карьерлер және спорт саласын дамытуға қатысты мәселелерімен жүгінді.
Қабылдау барысында әрбір сұрақ назарға алынып, тұрғындардың өтініштері бойынша жергілікті билік өкілдеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Свежие комментарии